Компрессорлар – газды сығып, қысымын арттыру арқылы бір жерден екінші жерге тасымалдауға арналған күрделі техникалық құрылғылар. Олар жұмысы барысында газды салқындатып, қысым айырмашылығын 3,5 еседен жоғары деңгейде ұстап тұрады.
Құрылымдық ерекшелігіне қарай компрессорлар түрлі ортада, түрлі қысым мен өнімділік жағдайында қолданылады. Олар көлемдік (поршеньді, роторлы) және динамикалық (орталықтан тепкіш, осьтік) болып екіге бөлінеді. Әрқайсысы нақты технологиялық талаптарға сай таңдалып, орнатылады.
ПМХЗ-де компрессорлық қондырғылар машинисі — бұл тек техникалық маман емес, сонымен қатар өндіріс қауіпсіздігі мен тиімділігінің кепілі. Ол компрессорлық жүйелердің, желдеткіш құрылғылар мен қосалқы жабдықтардың қалыпты жұмысын қадағалайды. Қысым, температура, ауа не газдың шығыны сияқты маңызды параметрлерді үнемі бақылап, ауытқуға жол бермейді.
Машинисттің күнделікті міндетіне сүзгілерді ауыстыру, бөлшектерді майлау, жабдықтарды тазарту, ақауларды анықтау және оларды жедел жою кіреді. Сонымен қатар, ол компрессорларды іске қосу, баптау, ағымдағы және орташа жөндеу жұмыстарына белсенді түрде қатысады.
Бұл мамандық иесінің жұмысы қатаң техникалық регламенттер мен қауіпсіздік стандарттарына сай орындалады. Әрбір әрекет — есеппен, тәртіппен және жауапкершілікпен жүзеге асады.
Компрессорлық қондырғылар машинисі болу үшін техникалық және кәсіптік білім қажет. Бұл мамандықты келесі оқу бағдарламалары бойынша меңгеруге болады:
– С.Торайғыров атындағы университеттің «Технологиялық машиналар және жабдықтар» бағыты бойынша техника және технологиялар бакалавры;
– Павлодар химия-механикалық колледжінің «Мұнай-газ өңдеу және химия өнеркәсібі кәсіпорындарының жабдықтарына техникалық қызмет көрсету және жөндеу» мамандығын тәмамдаған техник-механик.
«ПМХЗ» ЖШС жұртшылықпен байланыс жасау бөлімі
Фото - Екатерина Лобашевская