15–16 тамыз күндері Павлодар мен Баянауыл жерінде қазақтың ардақты ұлдарының мерейтойына арналған салтанатты шаралар кең көлемде аталып өтті. Бұл күндері ұлт тарихында өшпес із қалдырған тұлғалардың – ақын Жаяу Мұса Байжановтың туғанына 190 жыл, қаламы ұшқыр журналист, сатирик Қадыр Тайшыковтың 125 жылдығы, сондай-ақ жазушы Қалмұқан Исабаев пен режиссер Қуат Әбусейітовтың 100 жылдық мерейтойлары ерекше құрметпен еске алынды.
Мерекелік шаралардың басты ошағы Павлодар қаласы, Баянауыл және Мойылды шатқалы болды. Ертіс өңірінің тұрғындары мен қонақтары Баянауылдың көркем табиғатында тынығып, отбасы-ошақ қасымен бірге ұлы тұлғалардың рухына тағзым еткен мәдени-рухани жиындарға қатысты.
Мойылдыда тігілген этноауылда әрбір мерейтой иесіне арналған жәдігерлер қойылып, киіз үйлер ұлттық нақышта безендірілді. ПМХЗ да арнайы киіз үй тігіп, онда Жаяу Мұсаның өмірінен сыр шертетін жеке заттары көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен бірге павлодарлық суретшілердің табиғат тақырыбындағы туындылары мен қолөнершілердің бірегей бұйымдары көрермендерге қуаныш сыйлады.
Бағдарлама аясында көкпар мен қазақша күрес сияқты ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды, айтыс додасы өтті, сондай-ақ халқымыздың асыл перзенттеріне арналған ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізілді.
Мойылдыдағы спорт алаңы жанында бой көтерген сахнада айтыскерлер мен өңірдің өнер майталмандары көпшілікті әсем ән мен әсерлі жырмен тербетіп, мерекелік кештің шымылдығы халықтың сүйікті ансамблі – «МузАрттың» жарқын концертімен түйінделді.
«ПМХЗ» ЖШС жұртшылықпен байланыс жасау бөлімі