ПМХЗ қызметкерлері Президентіміздің 2025 жылғы Жолдауының тікелей эфирін көрді
12.09.2025
1 просмотр
Қыркүйектің 8-ші жұлдызында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауының тікелей эфирі өтті. ПМХЗ қызметкерлері жолдауды зауыт басқармасының мәжіліс залында және өз жұмыс орындарындағы дербес компьютерлерден тамашалады.
Жолдауда мемлекет басшысы негізгі басымдық өңдеуші өнеркәсіп пен жоғары технологияларға инвестиция салуға бағытталатынын атап өтті. Энергетика саласында «жасыл» қуат көздерін ұлғайтуға, тағы екі АЭС салуға және «таза» көмірді дамытуға ерекше мән берілмек. Ауыл шаруашылығында өнімді терең өңдеу, экспортқа бағдарлану және жерлерді қайтару мен айналымға енгізу көзделген. Сондай-ақ Президент заң шығару қызметінде, экономикалық жобаларда және өмірдің басқа да салаларында жасанды интеллектінің рөлін күшейтуге шақырды.
Жолдауда өңдеуші өнеркәсіпті дамытудың серпінін арттыруға баса назар аударылды. Мемлекет басшысы экономиканы цифрландыруды қамтамасыз ету үшін электр энергиясының жеткілікті көлемін алу мақсатында газ жеткізілімін көбейтуге шақырды. Осы мақсатта Павлодарда сұйытылған газды терең өңдейтін жаңа кешен салынбақ. «Ілеспе және сұйытылған мұнай газын пайдалануға көзқарасты түбегейлі өзгертіп, оны толыққанды экономикалық ресурсқа айналдыру қажет», – делінген жолдауда.
ПМХЗ ұжымы үшін бұл бастамалардың маңызы зор. Елдің мұнай өңдеу саласындағы ірі кәсіпорындарының бірі ретінде зауыт бүгінгі таңда цифрлық технологияларды белсенді енгізіп, өндірістік үдерістерді жаңғыртуда. Цифрландыру өндірістің бәсекеге қабілеттілігін, қауіпсіздігін және тұрақтылығын арттырады. Көмірсутекті ресурстарды неғұрлым терең әрі тиімді пайдалану мен сұйытылған газды өңдеуді кеңейту зауыттың қазіргі және перспективалық жобаларымен тікелей үндеседі.
«ПМХЗ» ЖШС-ның Жұртшылықпен байланыс жасау бөлімі Фото - Вадим Бердников